Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Орталық туралы

Тарихи анықтама

Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы үйі (одан әрі-ОХШҮ) Қазақ КСР-нің 1960 жылғы 31 желтоқсандағы №2-419-р Қаулысына сәйкес құрылды. Штат саны 7 адам құрамында бекітілді. Бірінші директоры Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің түлегі, сурет салу пәнінің мұғалімі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері С.Д.Пузырев тағайындалды. ОХШҮ-ге қалалық мәдениет үйінен бір бөлме бөлінді (қазіргі облыстық драма театры).

Ленинградтағы Мәдени жоғары кәсіподақ мектебін тәмамдаған Г.Н.Грибановский аға әдіскер қызметіне қабылданды.

ОХШҮ негізгі қызметінің бағыты клубтар мен көркемдік әуесқойлық ұжымдарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету болды.   

Директордың алғаш іссапары Алға қаласында өткен кәсіби суретші С.В.Кукурузаның жылжымалы көрмесіне арналды.

1962 жылы бірінші мәдениет университеті ұйымдастырылды. Клуб мекемелеріне жеке орындаушылар, хор, би, вокалдық ұжымдар жетекшілерінің жетіспеушілігіне  байланысты, 1965 жылы оркестр дирижерлері мен хор ұжымдарының 8 айлық курстары ұйымдастырылды.

Мәдениет басқармасы оқытушыларды айлық жалақысымен, ал оқушыларды стипендиямен, музыкалық аспаптармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отырды. Сонымен қатар ОХШҮ киномеханиктер мен үрмелі ұжымдар жетекшілеріне курстардың ұйымдастырушысы болды.

Жұмысты одан әрі жүргізу үшін ОХШҮ-ге қаладағы М.Фрунзе көшесінде орналасқан халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Н.Байғанин тұрған ғимарат берілді.
Ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсету барысында автоклубтар мен үгіт бригадаларының жұмыстары үлкен қолдау болды. Әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдарының құрамында қызметкерлер барлық аудандар мен ауылдық жерлерді аралады. Бүгінде де шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушыларының гастрольдік сапарлары өз жалғасын тауып келеді.
 


Дала қосындағы мәдени-ағарту жұмысынан көрініс
 
Барлық жылдар ішінде ОХШҮ қызметкерлері ауылдық клуб қызметкерлерімен белсенді жұмыс істеп келеді. Қазір де бұл үрдіс үзілген жоқ.
 
1965-1975 жылдары аудандық, облыстық байқауларды өткізу дәстүрге айналды. Көркемдік ұжымдарды аудандық партия   комитетінің насихат және үгіт бөлімінің хатшылары мен мәдениет бойынша аудандық атқарушы комитет төраға орынбасарлары басқарды.

Хор ұжымдары мен үрмелі аспаптар оркестрлері, металлургтар би ұжымдары тұрақты түрде республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.

1967 жылы Байғанин аудандық халық аспаптар оркестрі Алматы қаласында өткен республикалық фестивальда бірінші орын алып, КСРО-ның Мәдениет министрлігінің ұсынысы бойынша Москва қаласындағы қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктері Бүкілодактық көрмесіне (ВДНХ) шақырылды.

1978 жылы шығармашылық үйінде «Жазира» халық аспаптар фольклорлық ансамблі құрылды. Жетекшісі А.Е.Бағдаулетов.

1980-ші жылдары әуесқой көркемөнерпаздар мен клуб мекемелері жетекшілері арасында озық тәжірибе алмасу бойынша эстафета ұйымдастырылып, Қобда ауданы 80 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды.
1981 жылы облыстық халық шығармашылығы үйінің атауы Облыстық ғылыми-әдістемелік және халық шығармашылық  орталығы болып өзгертіліп, 1991 жылы қайтадан облыстық халық шығармашылығы үйі болып аталса, ал 2017 жылы қайтадан Облыстық халық шығармашылығы орталығы болып өзгертілді (бұдан әрі-ОХШО).

Жыл сайын жас таланттарды анықтап, оларды мәдениет және өнер оқу орындарына оқуға жіберу мақсатында түрлі жанрдағы байқаулар ұйымдастырылды. Солардың арасында белгілі әнші Ж.Айжанова да болды.
 

1987 ж. Облыстық жас таланттар байқауы.
Бірінші қатардағы сол жақтан үшінші Ж.Айжанова
 
90-шы жылдары облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қ.Қ.Жасекеновтың жетекшілігімен үзбей облыстық ақындар айтысы өткізілді. Осы айтыстарға республикаға танымал ақындар А.Жанкуллиев, Қ.Мақсұтов, А.Бұлғақов  қатысты. Сол жылдары Ақтөбе ақындар үшін «айтыс астанасы» болды.
 

90-шы жылдар. Ақтөбе қаласының Орталық стадионы. Республикалық айтыстың қазылар алқасы
 
Сол жылдары облыста алғаш рет «Әнші балапан» («Поющий цыпленок») облыстық телевизиялық байқауы өткізіліп, қазір «Балдәурен» облыстық балалар шығармашылығы байқауымен жалғасып отыр.
Белгілі, құрметті адамдар, ҚР халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтанов, ақын Ф.Оңғарсынова, әнші Р.Рымбаеваның қатысуларымен өткен кездесу кештері жоғары дәрежеде өткізілді.

1991 жылы ОХШО-ға бұрынғы облыстық кітапхананың ғимараты (Әйтеке би, 39) беріліп, жөндеу жұмыстарынан кейін, орталық ақтөбеліктер үшін халық шығармашылығының орталығына айналды. Жаңа шығармашылық үйіне Владимир Трифонович Гужан директор болып, көп жылдар бойы іскерлікпен ұжымды басқарып, жаңа бастамаларды үнемі қолдап, ниеттері бір кәсіби ұжымды тәрбиелей білді. Солардың көпшілігі бүгін де Орталықта жұмыс істеп келеді.

Ғимараттың тарихы өте бай және ҚР Мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер реестріне енгізілген. Осы ғимаратта 1941 жылы партияның қалалық комитетінің ағарту үйінде Кеңес Одағының Батыры Г.П.Мясоедов жұмыс істеген.

1997 жылы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Еркін Жолмырзаұлы Құрманбековтың басшылығымен облыстық жастар мен студенттердің «Жас дәурен» фестивалі секілді ірі көпжылдық мәдени жобаларды жүзеге асыру сәтті басталды. Осы жылы Астана қаласында өткен І Халықаралық «Шабыт» байқауына 16 үміткердің ішінен Ақтөбе облысынан 12 өнерпаз қатысып, лауреат пен дипломант атанды. Сол жылдары «Ивушка» әйелдер хор ұжымы, «Көңілді жігіттер» жастар фольклорлық ансамблі, «Қайратты қазақ» халық аспаптар ансамблі, «Гүлдәурен», «Наурыз», «Ақжол» эстрадалық топтары құрылып, белсенді жұмыс істеді.

Орталық білікті кадрларды дайындаудың ортасына айналды. Атап айтсақ, осы жерде  жұмыс істеп, бүгінде Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева мен "Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы" ҚБ облыстық филиалының төрайымы Нәзира Табылдинованы мақтанышпен атап өтуге болады.
 
 
2005 жылдан клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын кеңінен дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп, олардың саны өсті.
Осы жылдар ішінде ОХШО - облыстағы мәдени және халықтың бос уақытын тиімді пайдалану жүйесінде жетекші орын алып, оң тәжірибе жинақтады.

ОХШО қызметкерлерінің кәсіби, шығармашылық және ұйымдастыру шеберліктерінің арқасында облыс көлемінде көптеген Халықаралық, республикалық және облыстық іс-шаралар өткізіліп келеді: «Көк байрағым, желбіре» Халықаралық музыка фестивалі, Қазанғап атындағы «Ақжелең» Халықаралық күйшілер байқауы, «Жерім менің» Халықаралық патриоттық әндерді орындаушылар байқауы, Н.Тапалова атындағы республикалық хореографиялық байқауы, аймақтық «Театр - өнердің ұлы көші», халық театрлар фестивалі, «Өнерім - өрісім» аймақтық отбасылық ансамбльдер байқауы т.б.

Ұлт мәдениетінің мәйекті арнасы – бағзы-бағзы күндерден бері үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың ғана маңдайына біткен бірегей төл өнеріміз – айтыс, жыр-терме, дәстүрлі әндеріміз бен күйді насихаттау мақсатында Орталықта жас айтыскерлер мектебі (жетекшісі белгілі ақын О.Кометия) мен жыршы-термешілер мектебі (жетекшісі танымал ақын Е.Әзиев) белсенді жұмыс жасауда. Ұлттық өне­рімізді дәріптеу мақсатында «Наурызым – нұрлы жыр», Есет Көкіұлының туғанына 350 жыл толуына арналған "Фəниде ел тірегі, бақида ел тілегі болған баба!" облыстық ақындар айтысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазанғап мектебінің дәстүрлі күйшісі Бақыт Басығараевтың 90 жылдығына арналған «Ақжелең» республикалық күйшілер және «Терме – деген нақыл сөз» жыршы-термешілер байқаулары жо­ға­ры деңгейде ұйым­дас­тырыл­­ып келеді. Мәңгілік елдің Мәңгілік өнерін, халықтың алтын қа­зы­на­сын дәріптеу, оны дамыту біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Шығармашыл ұжым тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған жұмыстың әдістері мен түрлерін жетілдіру мақсатында үнемі ізденісте. Клуб мекемелерінің жұмысын жетілдіру мақсатында семинарлар, байқаулар, тәжірибелер, шеберлік сабақтары тұрақты өткізіліп тұрады.

Қазіргі таңда облыста 200 клуб мекемелері бар. Онда 1177 үйірмелер жұмыс істейді. Оларға қатысушылардың жалпы саны – 12349 адам. Облыста 125 әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 97-ңің «халықтық», ал 28-нің «үлгілі» деген атақтары бар.

1994 жылдан бері дәстүрлі түрде облыстық жастар мен студенттердің «Жас дәурен» фестивалі мен облыстық балалар шығармашылығының «Балдәурен» байқауы өткізіліп келеді.
Сонымен қатар халық шығармашылығының түрлі жанрлары бойынша халықаралық және республикалық фестивальдар мен байқауларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, лауреат және дипломант атанған ұжымдар жұмыс атқарып келеді. Атап айтсақ, Мұғалжар аудандық  халықтық «Триумф» би ұжымы (жетекшісі С.Сеилова), халықтық «Назерке» би ансамблі (жетекшісі А.Қалдыбаева), халықтық «Шашу» отбасылық ансамблі (А.Ешпанова) т.б.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерімен, мәдениет үйлерімен бірлескен республикалық, аймақтық және облыстық деңгейдегі түрлі іс-шараларды өткізу дәстүрге айналған. Олар:  Республикалық «Аймақты әнмен тербетіп» өнер мерекесі (Ырғыз ауданы), «Ұлы Жібек жолындағы жаңғырған Көкжар  жәрмеңкесі» этнофестивалі (Ойыл ауданы), «Еркелей аққан Ор өзен» ретро әндер байқауы (Хромтау ауданы), «Айрық айшықтары» (Мұғалжар ауданы), «Ғажайып балалық» би байқауы (Қобда ауданы), Б.Тәжібаев атындағы «Ән мен жырдың Ақбұлағы»  (Байғанин ауданы), «Ғасырлар пернесі» облыстық дәстүрлі әншілер, термешілер, қобызшылар байқауы (Мәртөк ауданы).

Орталықтың қызметі БАҚ-та кеңінен насихатталады: республикалық және облыстық газет-журнал беттерінде көптеген мақалалар жарияланады.  Республикалық және облыстық телерадиокомпаниялардың жаңалықтар топтамасында да орталықтың өткізген іс-шаралары туралы ақпараттар үзбей көрсетіліп тұрады.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерелрі мен  мәдени іс-шаралардың қонақтары, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек, "Көкіл" өнер мектебінің директоры, ҚР мәдениет қайраткері, өнерзерттеуші Абдулхамит Райымбергенов, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Еділ Басығараев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Ерсайын Басықара, композитор, ҚР композиторлар Одағының мүшесі Бейбіт Оралұлы төл өнерімізді, халқымыздың салт-дәстүрін жұртшылыққа кеңінен насихаттап, ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында Республикалық және жергілікті «РИКА ТВ», «Aqtobe» телеарналары арқылы сұхбат беріп, түрлі бағдарламаларға қатысу арқылы белсенді насихаттап келеді.

Қазіргі кезде ОХШО ҚР Пре­­зиденті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын, ҚР «Мәдениет туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, аудандық мәдениет үйлері мен ауылдық клуб мекемелеріне үлгі болуға лайықты клуб мекемесінің келбетін жасау, тұрғындарға ұсынатын мәдени-қызмет түрлерінің мазмұнын арттыру, жаңа идеялар мен инновацияны пайдалана отырып, бүгінгі күн талабына сай үлгілі қызмет көрсету, клуб мекемелерінің әдістемелік-тәжі­рибелік жұмыстарын жетілдіру, халық шығар­ма­шылығының дамуына ықпал ету мақсатында тұрғын­дарға мәдени қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, көркемөнерпаздар ұжымдарының репертуарларын байыту тұрғысында құралдар әзірлеп, жаңа әдістерді енгізу бағытында көмек пен бағыт-бағдар беруде.

Сон­дай-ақ, алыс-жақын шет елдермен, республикамыздың бас­­қа да аймақтарымен тығыз бай­­­ланыс жасап, олардың жаңа іс-тәжірибесін клуб меке­ме­леріне таратып отыру, тың бастамаларды іздестіру, алдыңғы қатарлы тәжірибелік жұмыс­тарды жинақтау және наси­хат­тау да жұмыстың бір бағыты болып саналады.