Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

15 НАУРЫЗ – БАТА БЕРУ КҮНІ

15 НАУРЫЗ – БАТА БЕРУ КҮНІ
          Өңірде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамына арналған шаралар 14 наурыздан 23 наурызға дейін жалғасады. Әр күн түрлі атаумен белгіленіп өтеді.
          15 наурыз аға буынды құрметтеу, қастерлеу мерекесі, яғни «Бата күні» болып белгіленді. Осы орайда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Халық шығармашылығы орталығы Наурыз мейрамын тойлауға арналған «Салт-дәстүрі жараса, Наурыз келді жаңаша!» атты тұжырымдама аясында ақсақалдар арасында бата беруден «Батаменен ел көгерер» атты облыстық байқауын өткізді.
         Мақсат — салт-дәстүрімізді насихаттау, батаның мағынасы мен мазмұнын жас ұрпаққа ұғындыру, бойына сіңіру. Байқауды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова ашып, сөз сөйлеп, көрермендерді келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов да ізгі тілегін білдірді.
         Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», «Баталы ер — арымас», «Атаңнан бота қалғанша, бата калсын», «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деп батаның қадір-қасиетін жоғары бағалай білген.
         Қарттар арасында үздік бата беру байқауына 60-80 жас аралығындағы 8 қария қатысты. Олар аудандық кезеңнің жеңімпаздары. Сайысқа қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті: таныстыру, Наурызға арналған баталарды айту және аңыз-әңгімелерден сыр шерту.
Батагөй қариялардың өнерін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, халықаралық жазушылар Одағының мүшесі, Түркістанда өткен республикалық батагөй ақсақалдар байқауының Бас жүлде иегері Марат Қабижанұлы,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, еңбек ардагері Мағзом Бақытжанов, Ақтөбе қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов, белгілі журналист Ардақ Қонақбаева, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Роман Рахиев бағалады.
          Екі жарым сағатқа созылған бата беру жарысында қатысушылар халқымыздың бағалы баталарын сахнадан төгілтіп айтып, көрермендердің ықыласына бөленді.
          Бас жүлдені Ойыл ауданынан келген Айдынғали Тұрғаналиев жеңіп алды. Бірінші орынды байғаниндік Аманияз Аманов иеленді. Екінші орынға ақтөбеліктер Ибрагим Жақсыбаев, Серікбай Қайдасұлы және мәртөктік Амандық Рысбайев ие болды. Ал үшінші орынды алғалық Шәміл Балмұханов, қобдалық Жауғаш Жұмағалиев, қарғалылық Сабыржан Бисенов еншіледі. Жеңімпаз жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ Марат Қабижанұлының «Таңдаулы баталар жинағы. Құттықтаулар» кітабы және «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстаздары мен шәкірттерінің музыкалық CD дискісі сыйға берілді.

Айта кетейік, «Батаменен ел көгерер» облыстық кезеңіне қатысқан 8 қарияның арасынан арасынан топ жарып, жеңімпаз атанған 77 жастағы Айдынғали Тұрғаналиев Ойыл ауылында тұрады. Ол зайыбы Күнсұлумен үш бала тәрбиелеп, өсірген еңбек ардагері. Бүгінде сол балалардан өрбіген 12 немересі өсіп жатыр. Балаларының бәрі еңбек етеді.