Жаңалықтар мен оқиғалар
ӨҢІРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫС

Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов халық жыршысы Марабай жыраудың туғанына 180 жыл толуына орай «Марабай таным» жобасы аясында Ақтөбе облысына арнайы келіп, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ләйла Омаровамен кездесіп, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр мемориалдық кешенінде болып, бата оқып, дұға бағыштады. Марабай жырау – «Қобыланды батыр» жырын жеткізушілердің бірі. Марабайдан «Қобыланды батыр» жырын жазып алған Ыбырай Алтынсарин болса, ал жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеген Мәлік Ғабдуллин екен. Осы орайда біздің батысқазақстандық әріптестеріміз зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырып, Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі мен Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы тарихи-мемориалдық музейіне барып, жұмыстарын жалғастырады.
Екі өңірдің облыстық халық шығармашылығы орталығы арасындағы байланыс нығайып, Батыс өңіріндегі жыраулар мектебін дамыту мақсатындағы іс-шаралар тізбегі нақтыланды.
Сондай-ақ Марабай жырау туралы мәлімет-деректеріңіз болса, бізбен хабарласуыңызды сұраймыз