Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

СЫРНАЙДЫ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН – МҰҚАН САТЫБАЕВ

СЫРНАЙДЫ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН – МҰҚАН САТЫБАЕВ
          2 шілде күні облыстық халық шығармашылығы орталығының 60 жылдық мерейтойына орай әнші, сырнайшы Мұқан Сатыбаевпен «60 асуындағы киелі шаңырақ дарабоздары»  айдары аясында онлайн кездесу өтті. Ақтөбе өңірі үшін белгілі өнерпаз Мұқан Сатыбаевты таныстырып жату артық.
Қасиетті Ойыл топырағы дарынға да кенде емес, әр салада сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі осы Мұқан Сатыбаев.
          Мұқан аға — баян аспабын жетік меңгерген кәсіби маман. Ол сондай-ақ күміс көмей әнші. Мақпал қоңыр даусымен Шәмшінің, патриоттық, халық әндерін әуелеткенде таңдай қақпау мүмкін емес.
          Кезінде Алматы қаласындағы байқауға  барғанда қазылар алқасы бойына өнер дарыған жас жігітті консерваторияға немесе республикалық эстрада өнері студиясына баруға кеңес береді. Дегенмен Мұқан Сатыбаев елге оралып, осы өнерге деген ынтамен Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі.
          Алғашқы еңбек жолын Ойыл аудандық мәдениет үйінде бастап, кейін ұзақ жыл қаладағы №21 мектеп-гимназиясында музыка пәнінің ұстазы  ретінде еңбегін жалғастырып, бүгінде осы білім ордасынан құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығып отыр.
          Әнші Мұқан Сатыбаевтың баян аспабының сүйемелдеуімен өткен онлайн концерті көпшіліктің көңілінен шықты
          Тікелей эфирді қырғыздың әнімен ашқан әнші облыстық халық шығармашылығы орталығының 60 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, көптеген естеліктерімен бөлісті.
          Мұқан Сатыбайұлы @Аktobe_ocnt инстаграм парақшасы арқылы халық әндерін шырқап, лирикалық туындыларға да кезек берді.
          Осы орайда әнші-сырнайшы Мұқан Сатыбаев халық әні «Қоғала», Шәмшінің «Теріскей» атты шығармаларын шырқап,  көрермендердің құлақ құрышын қандырды.