Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

«Туған жерім-нұрлы елім»: Әйтеке би ауданының Ақтөбедегі күндері

«Туған жерім-нұрлы елім»: Әйтеке би ауданының Ақтөбедегі күндері
2018 жылғы 17-18 тамыз күндері аралығында Ақтөбе қаласында «Туған жерім-нұрлы елім» акциясы аясында Астана қаласының 20 жылдығына арналған Әйтеке би ауданының күндері өтті.
Ақтөбе қаласындағы Әйтеке би ауданының күндері С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Әбілхайыр ханның 325 жылдығына арналған ғылыми конференциямен басталды. Оған ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Кітапхана фойесінде кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жиынды ашқан Әйтеке би ауданының әкімі М.Ибрашов ел азаттығы үшін күрескен батырлардың ерлігін насихаттау - ұрпақ парызы және жас ұрпақты отансүйгіш рухта тәрбиелеу мақсатында бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның тигізер ықпалы зор екендігін атап өтті. Одан әрі шара Әйтеке би бабамыздың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.
17 тамыз күні басталған Ақтөбе қаласындағы Әйтеке би ауданының күндері қазақ әдебиетінің классиктері - ҚР халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтанов пен халық ақыны, драматург Қуандық Шаңғытбаевқа арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Жиналғандар алдында белгілі ақын, публицист, қоғам қайраткері Мейірхан Ақдəулетұлы, білім беру саласының ардагері, ұстаз Шайзада Ахметова сөз сөйледі. 
Одан соң қонақтар, зиялы қауым өкiлдерi, қала тұрғындары мен көрермендер Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Қ.Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай» пьесасы бойынша аудандық «Целинник» мәдениет үйінің «Замандас» халықтық театрының әртiстерi қойған қойылымды тамашалады. 
18 тамыз күні Ақтөбедегі Əйтеке би ауданының күндері "Табыс" коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жəрмеңкесі өтті. Бұл əйтекебиліктердің "Туған жерім-нұрлы елім" акциясы аясындағы кезекті шарасы еді. Халыққа арзандатылған бағамен ұсынылған азық – түлік өнімдері жəрмеңкеде өз тұтынушыларын тапты. Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірегейі — Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бəріміз»-деген екен. Ауыл еңбеккерлері үшін мұндай жəрмеңке өз өнімдерін делдалсыз тиімді өткізудің зор мүмкіндігі. Жəрмеңке аудан өнерпаздарының концертімен əсем жалғасты.
Сол күні әйтекебиліктер «Үміт» сәбилер үйіне барып, балаларға қуаныш сыйлап қайтты. 
Кешке ҚР Тұңғыш Президент атындағы саябақта ауданның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен байлығын паш ететін қызықты көрмелер, спорттық сайыстар, «Бақытты бала» жобасы аясында балаларға арналған «Біз бақытты баламыз» мерекелік бағдарламасы мен «Адалдық пен әділдіктің мекені – Әйтеке би» Гала-концертін ақтөбеліктер мен қала қонақтары тамашалады.