Көктемнің алғашқы күні облыстық халық шығармашылығы орталығы коронавирус инфекциясымен күресте мыңдаған адамға демеу бола білген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне арналған «Шексіз алғыс» концертін өткізді.
Жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі Марат Ахметов арнаумен ашқан мерекелік кешке «Шағала» облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезінің санаторий мен облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің қызметкерлері шақырылды.
Концертке өнер ұжымдары, атап айтқанда, «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі (жетекшісі А.Ешпанова), «Әдеп» халықтық тобы (жетекшісі Қ.Серікбаева), «Жазира» халықтық ансамблі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бағдат Балмағамбетова, Нұргүл Рамазанова мен жаңадан құрылған жас қобызшылар ансамблі халық әндерін айтып, күйлерін тартып, тамаша сезімге бөледі.
-Адамның ең басты құндылығы - өмір мен денсаулық күзетінде жүрген медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Сіздер індет тараған уақыттан бері күн демей, түн демей отбасынан жырақтап, науқастардың жанындасыздар. Сондықтан ел болып, қандай да болсын көмек көрсету, алғыс айту біздің азаматтық парызымызға айналды. «Алғыс алған арымас» дегендей, әрқашан ақ халаттыларға деген құрметіміз биік болсын, - деді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүланр Сейталина.