Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

АҒАШТЫ «СӨЙЛЕТІП», ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ЕРҚОСАЙ ШЕБЕРМЕН КЕЗДЕСУ

АҒАШТЫ «СӨЙЛЕТІП», ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ЕРҚОСАЙ ШЕБЕРМЕН КЕЗДЕСУ
          2018 жылғы 14 қараша күні облыстық халық шығармашылығы орталығында белгілі қолөнер шебері, ҚР Суретшілер және Қолөнершілер Одағының мүшесі, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертификатының иегері Ерқосай Әбіловпен кездесу өтті. Ол, қолөнердің хас шебері. 
          Мақсаты - көпшілік қауымды қазақ ұлттық қолөнерінің ерекшеліктерімен таныстыру, төл мәдениетімізді қастерлеуге баулу, қолөнершілердің шығармашылығын насихаттау, олардың еңбектерін насихаттау.
          Ұлттық мәдениет қай кезеңде де рухани жаңғырудың бастауы болған. Ақтөбелік белгілі қолөнер шебері Ерқосай Әбілов - ұлттық өнердің нағыз жанашыры. Ерқосай Қожбанұлы сегіз қырлы бір сырлы азамат.
          Шебер отыз жылдан астам қолөнермен айналысып келеді. Ерқосай Әбілов ұлтымыздың ұмыт бола бастаған көне бұйымдарын қайта жаңғыртып, әсіресе қазақтың бес қаруын, домбыра, қобыз аспаптары мен ат әбзелдерін жасап, қамшы өру кәсібін жалғастырып жүрген қолөнер шебері. Оның қолынан шыққан туындыларға қарап тұрып тамсанбау мүмкін емес. Ол болашақ ұрпақ үшін маңызы бар жұмысқа бар ғұмыры мен қуатын арнап келеді.
          Ағашты «сөйлетіп», темірден түйін түйген Ерқосай Әбілов зергерлікке де бет бұрған. Бүгінде оның күмістен жасаған түрлі зергерлік бұйымдарына үлкен сұраныс бар.
          Кездесу барысында Ерқосай Әбіловтың қолынан шыққан туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Жастар көрмедегі шебердің қолынан шыққан музыкалық аспаптың бірнеше түрін, қару-жарақтарды, басқа да қолөнер бұйымдарын көріп, олармен жақынырақ таныса алды.
          Шарада көпшілік қауым өздерін қызықтырған түрлі сауалдарға тұшымды жауап алды. Түрлі байқаулар мен конкурстардың жеңімпазы атанып ежелгі өнерді дамытып, ұлттық сананың жаңғыруына өзіндік үлес қосып жүрген шебер-ұста «ЭКСПО-2017» көрмесіне де өзінің түрлі бұйымдарын ұсынды.
Оның қолынан шыққан бұйымдар бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде, еліміздің және шетелдерегі жеке коллекцияларда сақтаулы.
          Еңбегімен елге өнеге болған Ерқосай Әбіловтың мұрасы келешек ұрпақ үшін таусылмас қазына.