Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

«Туған жерім-нұрлы елім» акциясы аясында Ақтөбеде Мәртөк ауданының күндері өтті

  «Туған жерім-нұрлы елім» акциясы аясында Ақтөбеде Мәртөк ауданының күндері өтті
2018 жылғы 7-8 қыркүйек аралығында «Туған жерім-нұрлы елім» акциясы аясында Астана қаласының 20 жылдығына арналған Мәртөк ауданының алғашқы күні Орталық базар алдында қазақтың дәстүрлі ән өнері тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі - Тәңірберлі Молдабайдың 160 жылдығына арналған «Молдабайдың әні еді» деп аталған театрландырылған қойылымнан басталды.
Аудан өнерпаздары көрермендерге Мәртөк жерінде өмір сүрген, Алашқа аты мәлім ақын, әрі әнші-композитор Молдабайдың бейнесін ән мен күй арқылы әсем жеткізе білді. Молдабай бейнесі сазгер, әнші-орындаушы ретінде асқақ. Оның бұлбұл даусы ел жадында қалған. Қыр басына шығып, Молдабай домбырасымен ән салғанда, әншінің даусы сайдың төменгі етегіндегі ауылға естіледі екен. Молдабайдың тағы бір қыры - ол суырып салма ақын болған. Оның Алтын деген қызбен айтысы жөнінде деректер бар. Әйгілі күйші Қазанғаппен кездескен. Әбілқайыр хан ұрпағы, күйші Қамбар Медетовпен дос болған. Театрландырылған қойылым кезінде ақынның туындылары мен халық әндерін Ә.Күзембаев, Ә.Тағыберген, Р.Серікбаев орындады. Көрермендер ХІХ ғасырдағы қазақ халқының өнері және музыка мәдениетіне сапар шегіп қана қоймай, орыс көпестері мен өзбек, тәжік, ұйғыр саудагерлерінің боз маталар, тоқыма кенептер, өңделген былғары т.б. қойылған жәрмеңкеге тап болып, сал–серілердің әні мен күйін сезіне білді.
Мәртөк ауданының өкілдері С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Отбасы күніне орай «Бақытты ел – бақытты шаңырақ» өнегелі, үлгілі отбасыларымен кездесу өткізді. Кездесудің басты кейіпкерлері – Мәртөк ауданынан шыққан, Отанымыздың өркендеуіне еңбегімен де, өнегелі ұл-қызымен де үлес қосып жүрген ата-аналар - Ердәулетовтер, Күзембаевтар, Полегонько. Жакетаевтер, Мәртөк ауданындағы отбасы үлгідегі балалар үйі жетекшісі Г.Бекжанова, Нұрсейтиновтер отбасылары. Отбасылық құндылықтарды насихаттау үшін нақты адамдар өмірін өнеге ете отырып, кездесу кейіпкерлерінің отбасылық тәрбие, әке мен ананы қадірлеу, сапалы, саналы ұрпақ өсіру бойынша өмірлік тәжірибелері насихатталып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ жас ұрпақтың бойына өскен ұясын қастерлеу, ұл-қызы үлгі тұтар ата-ана болу сезімін дарыту көзделді. Кездесу кешін зейнеткер-ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, Н.Крупская атындағы сыйлықтың лауреаты Нағашыбай Ердәулетұлы ашты. Шаңырақтың беріктігін отбасы үшін ең басты құндылық санаған Нағашыбай Ердәулетұлы жұбайы Рая апаймен екеуі төрт ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді. Рая апай да ауданның мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан, ардақты зейнеткер.
Ақтөбедегі Мәртөк ауданының күндері қаладағы А.Пушкин атындағы саябақта Ақтөбе облысындағы Бала жылына арналған «Бақытты балалық, бақытты бала» ойын-сауық мерекесімен жалғасты. Театрландырылған көріністер, сайқымазақтар Чупа мен Чупс түрлі ойындар ойнатып, бәріне балмұздақтар таратылды. 
8 қыркүйек күні Мәртөк ауданының екінші Ақтөбе қаласындағы "Табыс" коммуналдық базарында "Туған жерім - нұрлы елім" акциясы аясында Мәртөк ауданы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен басталды. Оған ауданның шаруашылықтары қатысып, қалалықтарға табиғи өнімдерді нарықтағы бағадан арзанға сатты. Аудан шаруашылықтары сиыр, жылқы, қой және құс етін, бал жəне көкөніс өнімдерін әкеліпті. Жəрмеңкеде құрттың ащысы да, тәттісі де, қаймақ, сүт, қолдан ұйытқан айран, май, сүзбе дейсіз бе, бәрі бар. Жəрмеңкеге келушілер аудан өнерпаздарының концертін тамашалап, тиімді бағамен ауыл өнімдерін алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Екі күн бойы "Туған жерім - нұрлы елім" акциясы аясында облыс орталығында ауданның тарихын, жетістіктерін, салт-дәстүрін, мәдениеті мен байлығын паш ететін көпшілік іс-шаралар ақтөбеліктер мен қала қонақтарының назарына ұсынылды.
Мәртөк ауданының күндері қаладағы Тұңғыш Президент атындағы саябақта "Ауылым - алтын бесігім" атты ауданның өнер шеберлерінің гала-концертімен аяқталды. Бұдан бөлек, саябақ алаңында аудан туралы мол мағлұмат алуға болатын түрлі көрмелер ұйымдастырлып, спорттық сайыстар өтті. Мұнда ауданның қолөнершілері жүн түту, ұршық иіру, диірмен тарту және де басқа ұсталық сынды қолөнер бұйымдарын әзірлеп, шеберлік сабақтарын өткізіп, ұлттық қолөнер бұйымдарын әзірлеудің қыр-сырын көпшіліктің назарына ұсынды. Киелі, тарихи мекенге бай, көп ұлтты ауданның мәдени шарасы жи налғандардың рухын көтеріп, ақтөбеліктерді бір серпілтіп тастады. «Кәусар" би ан самблі, "Мерей" тобы, "Шабыт" триосы мен Әділет Күзенбаев, Самғат Артығалин т.б. әншілердің орындауындағы әндер мен сазды-хореографиялық композициясы Ақтөбе аспанын сазды әуенге бөледі.