Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

Ақтөбеде Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» мерекелік концерті өтті

Ақтөбеде Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» мерекелік концерті өтті
Ақтөбедегі Өнер орталығы концерт залында ұлттық мереке Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шараға қоғам өкілдері, түрлі сала ардагерлері, сондай-ақ елдің дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған ақтөбеліктер қатысты. Жиналған қауымды облыс әкімі Асхат Шахаров ұлттық мерекемен құттықтады.

Өз сөзінде өңір басшысы 2026 жыл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістермен ерекшеленгенін тілге тиек етті. Мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған реформалар Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтынын жеткізді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, саяси өзгерістердің нәтижесінде Әділетті, Күшті, Озық және Таза Қазақстанның берік негізі қаланды. Осылайша, Тәуелсіздіктің 35 жылдығында мемлекетіміздің жылнамасында жаңа тарау ашылды.
Жаңа кезең жаңа жауапкершілікті жүктейді. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі бірлігіміз бен еңбегімізге байланысты. «Ырыс алды – ынтымақ» деген халқымыз береке-бірлікті қашанда бәрінен биік қойған.
Осы орайда туған жердің абыройын асқақтатып, оның көркеюіне үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Баршаңызға зор денсаулық, амандық пен табыс, ал елімізге бейбітшілік, бірлік пен өркендеу тілеймін!»,  – деді Асхат Шахаров.

Шараның ресми бөлігінен кейін қалың көрерменге музыкалық шығармалар, ұлттық дәстүрлер мен өнер тоғысқан мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. 

Концерттің басты ерекшелігі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отан, ұлттық құндылықтар, мәдениет пен өнер және тарихи тұлғалар туралы дәйексөздері әр парағында жазылған кітаптың ұсынылуында. Президенттің ой-тұжырымдары концерттік нөмірлермен сабақтасып, бағдарламаның мазмұндық әрі көркемдік желісін айшықтай түсті.

Сахнада туған жер мен Қазақстанды ұлықтаған әндер шырқалып, өңірдің шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары музыкалық және би нөмірлерін көрермен назарына ұсынды.

Концерттік бағдарлама аясында «Жас сақшылар» балалар хоры, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Samruk Dance» би ұжымы, «Аққу» ансамблі, «Тамсан» триосы және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.