Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

Әлемдік рекорд иегері атанған «Ер Едіге» мектебінің тәрбиеленушісіне домбыра сыйға тартылды

Әлемдік рекорд иегері атанған «Ер Едіге» мектебінің тәрбиеленушісіне домбыра сыйға тартылды
Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра және дәуір» көрмесінің ашылуында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, әлемдік рекорд иегері атанған жас өнерпаз Алтынай Жетесоваға домбыра сыйлады.

Домбыраны белгілі ақтөбелік шебер, Қазақстан Республикасы Шеберлер және суретшілер одағының мүшесі Ерқосай Әбілев арнайы жасаған. Жас өнерпаз үшін бұл домбыра көптен күткен сый болды.

Алтынай Жетесова – «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің мүшесі. Ол жеті жыл бойы «Қазанғап» мектебінде прима-қобыз сыныбында білім алып, соңғы екі жылда «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінде домбыра орындаушылығы мен жыраулық өнерді меңгеріп келеді. Биыл 9-сыныпты тәмамдаған жас өнерпаз Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжіне «Дәстүрлі ән» мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Кездесу барысында облыс әкімі «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінің тәрбиеленушілері қазақтың батырлық жырларын 24 сағат бойы үздіксіз орындап, Азия мен Африка елдерінің GBR (Global Book of Records) дүниежүзілік рекордтар кітабына енгенін атап өтті. Бұл жетістік ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсететін тарихи оқиға ретінде бағаланды.

Сондай-ақ өңір басшысы мектептің жетекшісі мен тәрбиеленушілеріне ұлттық мұраны сақтау мен дамытуға қосып жүрген үлестері үшін алғыс білдірді. Жас өнерпаздардың дәстүрлі өнерді меңгеруі мен оны дәріптеуі өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуде маңызды екені атап өтілді.

Іс-шара барысында Асхат Шахаров домбыраның қазақ халқы үшін музыкалық аспап қана емес, рухани құндылықтың, тарихи жады мен ұлттық бірегейліктің символы екенін атап өтті.

Кездесу ұлттық өнерді дәріптеу, дәстүрлі өнердің сабақтастығын сақтау және жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қолдаудың маңызын көрсетті.