Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

«Мұнара» журналисті «Жыраулар жолымен» атты облыстық жыршы-термешілер байқауына қатысты

«Мұнара» журналисті «Жыраулар жолымен» атты облыстық жыршы-термешілер байқауына қатысты
Ақтөбе қаласында «Жыраулар жолымен» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтіп, оған құрметті қонақ ретінде РАТТ мүшесі, республикалық «Мұнара» телеарнаасының журналисті, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы қатысты. 

Байғанин ауданы әкімдігінің және «Сарқыт» мейрамханасының қолдауымен, Байғанин аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқауда өңірде туып, ұлт руханиятына үлес қосқан дәулескер жыраулардың шығармалары насихатталды. Жарысқа облысымыздың әр өңірінен 12 үміткер қатысты. Екі кезеңнен тұрды. I кезең бойынша қатысушылар Байғанин топырағында дәурендеген Сыпыра жырау Сұрқұлтайұлы, Асан қайғы, Қазтуған жырау Сүйінішұлы, Ақтан Керейұлы, Жаскелең Бекбергенұлы, Ыбырайым ахун Құлбайұлы, Тілеумағамбет Аманжолұлы, Нұрпейіс Байғанин секілді ақын-жыраулардың 1шығармасын (ұзақтығы 5-минуттан аспау керек), ал II кезеңде Ақтөбе облысының ақын-жырауларының 1 шығармасын орындады. Жарыс қорытындысы Бас жүлде — Назарбаева Ақерке Нұрболатқызы (Ақтөбе қаласы) І орын — Жақсылық Мустафа (Байғанин ауданы) ІІ орын — Нұржанқызы Сымбат (Ақтөбе қаласы) ІІІ орын — Гельманова Айым (Хромтау ауданы) ІІІ орын — Берік Әліжан (Ақтөбе қаласы).

Әділқазы, жыршы, ұстаз А.Жұбанов атындағы «Ақтөбе» музыкалық колледжі директор орынбасары Елемесов Жеңіс: «Байғанин ауданы әкімдігі ұйымдастырған бүгінгі «Жыраулар жолымен» атты жыр додасы өте жақсы деңгейде өтті. Ата бабамыздан келе жатқан төл өнеріміз ұлықталды. Дастархан басындағы тәрбие институты жаңғырды. Той-мерекелерде, ауылға өнерпаз келгенде болсын өнер иесін құрметтеп төрге шығару, алдына ерекше дастархан жаю және сол дастархан басында өнегелі әңгіме, қисса-аңыз айту бұл біздің қазақтың тәрбие құралы еді. Міне, осындай өнегелі дәстүрдің ұшқынын бүгін «Сарқыт» этно-мәдени мейрамханасында өткен жыр додасынан көріп, ерекше қуандық. Ал жас жыршыларымыз бірінен бірі оза шауып, жақсы өнер көрсетті. Сол ұмыт бола бастаған дастархан басындағы аталар мен әжелер институтына ерекше көңіл бөліп, шараны өзгеше форматта ұйымдастырған Байғанин ауданы әкімдігіне және мәдениет үйінің директоры Жадыра ханымға көп рахмет айтамын. Біздегі тілек осындай игі бастамалар жалғасын таба берсін!» деп игі шараның маңыздылығын айтты. Құрметті қонақтардың қатарында зиялы қауым өкілдері болды. Солардың бірі Ақтөбе қалалық мәслихат депутаты, дін жанашыры Амантай Үмбетай жыр арқылы түйіткілді мәселелер шешілгенін тілге тиет етіп, қоғам үшін бүгінгі таңда жырдың маңыздылығына тоқталды.

Ал әділқазы төрағасы, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», жырау Әділбек Сарин жас жыршылардың деңгейі жоғары екенін айтып, бақ сынаған жас жыршылардың басым көпшілігі «Ер Едіге» мектебінің шәкірттері екенін атап өтті. Жарысқа қатысушы Құттығай Жанерке жыр жаттау арқылы адамның мінезі шыдамдылыққа тәрбиеленеді, мұсылмандық жолдың Исламның тереңдігін түсінетіндігін айтты. Айта кетсек, ҚМДБ-ның бір бағыты «Дін мен дәстүр». Руханиттың арнасы «Мұнара» телеарнасында «Жыр насихат» бағдарламасы арқылы жыршы, жыраулардың шығармалары насихатталып келеді. 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі