Жаңалықтар мен оқиғалар
Домбыра — асыл мұра

Ұлттық домбыра күніне орай«Көп оқыған қария» жобасы аясындаоблыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Домбыра — асыл мұра» атты кеш өтті.
Шараның мақсаты — оқырмандардың домбыраға деген қызығушылығын ояту, жас ұрпақты қасиетті қара домбыраны қастерлеуге тәрбиелеу.
Кешке мәдениет саласының үздігі, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, жыршы Әділбек Сарин және оның шәкірттері, кітапхана оқырмандары, сондай-ақ №6655 әскери бөлімінің жас сарбаздары қатысты.
Тақырыпқа сай кітап көрмесі жасақталып, оқырмандарға таныстырылды. Сонымен қатар домбыраның жасалу жолы туралы бейнежазбалар көрсетілді.
Шара барысында бала жастан жыр-дастандарды жатқа оқыған Әділбек Мұхидуллаұлы өңірдегі жыршылық, жыраулық дәстүр турасында айтып берді.Өзі өскен ортасы, өнердегі алғашқы қадамдары, жеткен жетістіктері мен қазіргі жыр мектебі туралы да сыр шертті. Оның айтуынша, өңірімізде 2021 жылы«Ер Едіге» жыр мектебі ашылған. Бұл домбыра шертетін жас буынға зор мүмкіндік сыйлады. Бүгінде дәстүрлі өнерге бет бұрған шәкірттердің саны артуда.
Кеште«Ер Едіге» мектебінің оқушылары Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар, Қазтуған жыраулардың толғауларын, Әбубәкір Кердері, Тәңірберлі Молдабайдың шығармаларын орындады. Сондай-ақ «Қазақ осы», «Ақтөбем» әндері шырқалды.
Құндыз ҚОНЫСБАЙ,
облыстық зағиптар және нашар көретін
азаматтардың арнаулы кітапханасы қызметкері.