Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің

«Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК

РусскийҚазақ
В Актобе
°C

Жаңалықтар мен оқиғалар

Жас таланттарды танытқан фестиваль

Жас таланттарды танытқан фестиваль

Жуырда облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Жас дәурен — 2025» облыстық фестивалі өтті.

Шараның негізгі мақсаты — аудандар мен ауылдардағы талантты жастарды анықтап, олардың шығармашылығына қолдау білдіру.

Фестивальге қатысушылар вокалдық жанр және би номинациялары бойынша сынға түсті.

Биыл 7-30 сәуір аралығында облыс аудандары мен қала мекемелерінің арасында жергілікті іріктеу шаралары өтіп, одан үздік шыққан таланттар облыстық байқауға жолдама алған болатын. Нәтижесінде эстрадалық ән жанры бойынша 21 орындаушы, би номинациясы бойынша 10 би ансамблі облыстық фестивальде өз өнерлерін көрсетті.

Эстрадалық ән жанрында үміткерлер патриоттық тақырыпта — бір, отандық немесе шетел композиторларының шығармасынан бір ән орындап, өзара сынға түсті. Олардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-ұстаз Марат Әйтімов, мәдениет қайраткері Аллаберген Жақсыбаев, мәдениет саласының үздігі Жұлдыз Нұрқасымовалар бағалады. Ал би номинациясы бойынша қазақ биі мен заманауи би түрінен ансамбльдер сайысқа түсті. ОларғаХалық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары  Қайрат Жазбекұлы, хореограф-педагог Жаннат Кәдірбекқызы, «Тұран» би студиясының жетекшісі Айым Батырқызы қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша эстрадалық ән жанрынан Ақтөбе қаласынан Сағит Ерланұлы бас жүлдені жеңіп алса, Әсет Жаншин, Марина Қапан, Әли және Айман-Шолпан триосы алғашқы үш орыннан көрінді. Ал би жанры бойынша «Наз-Ерке» би ансамблі бас жүлдеиегері атанды. «Ақ желкен», «Асыл-ай», «Асылым» би ансамбльдері жүлделі орындарды иеленді.

Жеңімпаздарға қомақты қаржылай жүлделер берілді. Сондай-ақ барлық қатысушыға Алғыс хат пен ақшалай сертификаттар табысталды.

Айта кету керек, «Жас дәурен» фестивалінің тарихы 1997 жылдан басталады. Сол кезеңнен бастап бүгінде елімізге танымал Ерке Есмахан, Нұрболат Абдуллин, Жұлдыз Нұрқасымова, Аллаберген Жақсыбаев, Жанна Сандыбаева секілді әншілер осы байқаудың әр жылдардағы жеңімпаздары болған.

Елімізде пандемия басталғанда, яғни2019 жылы «Жас дәурен» фестивалі тоқтап қалды. Міне, араға жеті жыл салып, қайтадан шымылдығын ашып тұрған облысымыздың брендіне айналған фестивальге қатысуға ынталы жастардың көптігі көңіл қуантады. Болашақта «Жас дәурен» фестивалі жаңа номинациялармен толығып, жас өнерпаздарды  елге таныта береді деп сенеміз.

Гүлжайнар ҚАЛДИНА.